Құттықтау

Жетпіс жас туған күнмен құттықтау — тілек!

Туған күн

Әрбір адамның өзіне тән ғұмыр жолы, тіршілік баяны бар, бірақ еткен еңбек, көрген бейнет, татқан зейнет, алған асу, жеткен биік әркімнің өмірінде әрқилы. Оны сырт көз өздерінше бағалап та жатады. Сондағы жалпының іздейтіні біреу: ол – кісілік келбет, азаматтық тұлға. Оған – дәл осындай адами асқақ қасиетке, қанша ғұмыр кешкенімен, жеткен де бар, жетпеген де бар.

Өзінің өнегелі өмір соқпағында сыйластық пен достықтың ұлағатын ұлықтап, үлкенге құрмет, кішіге ізет болар ұлттық дәстүрлерді үкілеп келе жатқан Бәкеңмен жарты ғасырдан аса достығымыздың жарасып келе жатқанын мақтан тұтамын. Сенің де мағыналы өміріңнің, шуақты шаңырағыңның алтын діңгегі — өмірлік қосағың Жәмиләң, оның жалғасы, ертеңгі мәуелі жемісі – бауыр етің балаларың мен алтын асықтай немерелерің. Бүгінгі 70 жасқа толған мерейлі мүшел тойыңда өзіңе денсаулық, ұзақ ғұмыр, әулетіңе баянды бақыт тілеймін!

Қалды артта
Жетпіс асу, қия шыңдар,
Сырбазсың, мінезіңде ұнасың бар.
Шұғыла шуақ төктің, айналаңа,
Жас жігіттей әлі де қуатың бар.

Жария боп жақсы атың алты Алашқа,
Келесіз үлгі болып барша жасқа.
Жүрегі аузын ашса көрінетін,
Базары жайсаңдардың тарқамас та.

Толқын аңқылдадың ақтарылып,
Жатыр ғой ақ пейілге жат табынып.
Ақ туын адалдықтың желбіреттің,
Жүрсең де астамсу жоқ атқа мініп.

Танытып еңбегіңмен сан қырынды,
Жақсыға шашу еттің жан нұрыңды.
Бөленіп құрметіне қалың жұрттың,
Арнадың еліңе сен тағдырыңды.

Қалыбың адамдықтың бір бұзбадың,
Ұяңнан түлеп ұшты ұл-қыздарың.
Өзіңнен өркен жайып, өнеге алған,
Тілейді сізге бақыт жұлдыздарың.

Аш қасқырдай бізді қамап бар кемдік,
От та жақтық, су да әкелдік, нан көмдік.
Мына өмірге көнтерідей көндігіп,
Келе-келе, бара-бара әлдендік.

Қарынымыз қампимай-ақ қойды асқа,
Күнкөрістен болған да емес ой басқа.
Қос кемпірге ере жүріп ербиіп,
Еңбек етіп, тер төктік біз қанша!

Еске алатын сәттер рас, көп бүгін,
Борандатқан, дауылдатқан өтті күн.
Жетпіс келіп жайғасқанмен желкеге,
Әлі бізге баяғыша жоқ тыным.

Жаса, Жәкем!
Мәуеледің, гүлдедің,
Өзіңменен өле-өлгенше бір демім.
Маған қуат берері хақ қашанда,
Сенің шалқып есен-аман жүргенің.

Тағдыр бізден алудай-ақ алды өшін,
Асың – асқа, басың – аман, жан досым.
Жетпісіңмен жолдасыңдай жымдасып,
Сексеннің де басыңа ора сәлдесін.

Көп алысқан қатарластың бірі едім,
Саған деген сарқылмайды тілегім.
Жан-жарыңмен, балдарыңмен жарқылдап,
Жүзге дейін соға берсін жүрегің.

Exit mobile version