Шаңырағымыздың бас иесі, балаларының асқар таудай сүйеніші, немерелерінің абыздай ардақты атасы ….. жеті асудың бел ортасы — 75 жасқа толып отыр. Осынау мерейлі белесінде отағасына, әкемізге, атамызға шаңырағымыздың тамыры терең бәйтеректей тірегі болып ортамызда жүре беріңіз, деніңіз сау, тірлігіңіз қуаныш пен қызыққа толы болсын деп тілейміз.
Жетпіс бесің жеті белес ортасы,
Асқар таудың сияқтанған жартасы.
Өсіп, өніп қанат жайсақ бүгін біз,
Әкелікті ақтай білген арқасы.
Құтты болсын, жетпіс бестің белесі,
Тоқтамасын өмір-кештің кемесі.
Жамбылдайын жүз жасыңды көрейік,
Мерейтойлар тойланумен келесі!,
— деген шынайы ақ тілегімізді өзіңізге осынау атаулы күніңізде арнағымыз келеді.
Жетпіс беске жетті менің ақ шалым,
Үнеміге қас-қабағы баққаным.
Ардақтым да, ақылшым да осы шал,
Тал бойынан тарыдай мін таппадым.
Шағала шақ он жетімде сырласқам,
Қияс ойлап, қиғаш жүріп, қырды асқам.
Қадам сайын Қадыр Алла жар болып,
Аражігім ажырамай жымдасқан.
Мінетін-ді жүйрік, жорға бір атын,
Мама, жуас, қойған жерде тұратын.
Кей-кездері ат қашты, — деп түн бойы,
Таң бозында үйге жетіп тынатын.
Өмір-майдан бұрқасынды, толқынды,
Түрен түріп тылсым дүние тоң, тынды.
Арғымақтың ақ жалына жармасып,
Талап, төзім тамшысымен мен нұр тұнды.
Көп белесті бірге асқан осы шал,
Жыр жалғанда сөзі нәрлі, тілі бал.
«Егеуханның Кәбі» атанған кәдімгі,
Аңызы бар, абыз болсын осы шал.
Кәп шалымды танып ал.