Құттықтау

Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі құтты болсын!

Наурыз мейрамы

Наурыз мейрамы

Тарихи тамыры тереңге бойлаған әз-Наурыз дана халқымызда қай кезде де еңсесі биік елдіктің іргесі сөгілмес бірліктің, ырыс пен ынтымақтың мерекесі болып келген.

Қазақстан халқы үшін Наурыз мейрамы – көктем мен жаңаруды айшықтайтын мерейі тасыған ұлы мереке. Наурыз — көктемгі жаңарудың, махаббаттың, ақ пейіл мен татулықтың мерекесі. Ол — өткенді саралап, болашағымызды болжайтын ерекше кезең.

Ақ ниетпен өткенге салауат айтып, ақ тілекпен жаңа Наурызды қарсы алайық! Отанымызға – береке, халқымызға – игілік, мемлекетімізге – молшылық, ал әр шаңыраққа бақыт пен шаттық тілейміз.

Еліміз өркен жайып, Наурыз баршамызға ынтымақ пен сәттілік алып келсін!

Шығыс халықтарына ортақ үлкен мейрам Наурыз – бірліктің, татулықтың, ізгіліктің, бақыттың мерекесі саналады. Олай болса құрметті қауым, барлықтарыңызға татулық, береке-бірлік тілеймін. Ұлыстың ұлы күні елімізге, жерімізге құт-береке ала келсін. Ұлыс оң болып, әрбір күніміз Наурыз күніндей шуақты болсын!

Көне парсы тілінен қазақша аударғанда «Жаңа күн» деген мағына беретін Наурыз – жыл басы. Қыстың көбесі сөгіліп, тіршілік атаулыға жан бітіп, жасарып, жаңаратын, табиғат-әлем көгеріп, көктейтін шақ.

Қыстың қыспағынан құтылып, арқа-бас кеңейетін, мейрам-шаттыққа кенелетін осынау жайдарман шаққа жеткен әрбір жанды шығыстың жаңа жылымен құттықтаймын!

Наурыздың өзіне тән салтына бағына отырып, әрбіріміз өткен жылғы өкпемізді ұмытып, татуласайық. Үлкендердің ақ батасын алып, бір-бірімізге ізгі тілек айтайық. Наурызда айтылған барлық жақсы тілек орындалады деп жатады ғой, Наурыз барлығыңызға құт әкелсін!

Табиғат, жер-дүниенің жаңарып, жасанатын көктем мезгілінің ұлы мерекесі – Наурыз құтты болсын!
Ұлыс оң болсын,
Ақ мол болсын,
Пәле – жала жерге еніп,
Қайда барса жол болсын! – деп бұрынғы ата-бабаларымыз бата жасап бет сипайды екен.
Бұдан артық қандай ақ тілеу болуы мүмкін!
Әр отбасына тыныштық, татулық, береке-бірлік, бақыт тілеймін!

Exit mobile version