Құттықтау

1 Қазан — Халықаралық қарттар күні

Көрнекі сурет

Құрметті қариялар!

Үлкенді сыйлау, оларға құрмет көрсету – ата-бабадан келе жатқан салтымыз. Сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз бен ақыл-кеңестеріңіз, тәлім-тағылымдарыңыздың біз үшін орны бөлек. Себебі, әрқайсыларыңыздың облыстың өсіп-өркендеуіне қосқан үлестеріңіз бен еңбектеріңіз ерен. Талай жасты тәрбиелеп, ізбасарларыңызды өсірдіңіздер. Бүгін, еңбектеріңіздің зейнетін көріп отырған шақта да Сіздер ұрпақтарыңызға игілік пен ізгіліктің, пайым-парасаттың үлгісін танытудан жалыққан емессіздер.

***

Ұрпағына жол ашқан, мұқалмаған қаншама қиындықтан,

Жасымаған қарттарым, өмірінің сан-сала сырын ұққан.

Табиғаты керемет, таудай мүсін байсалды қариялар,

Шежірелі жүрегі, баталы ауыз жаралған жылылықтан.

Асқарындай таулардың, күмістей боп ақ кірсе де басыңа,

Заңғар ойлы қарттарым, мұқалмағын, қартайсаң да жасыма.

Ұлы көштің сынығысың із тастаған, қарттығыңды ұмытып,

Бір жасарып қалғандай бір шөбереңіз келген кезде қасыңа.

Ақылыңа ақ саусақпен жас кекілді сипап қана айтатын,

Арға балар, алтынменен сатып алмас байлығымдай байқадым.

Болашағың өскен сайын қауанасың, шүкірлікпен жас алып,

Көкірегіңде қуаныш бар көздеріңнен көрсем дағы қанша мұң.

***

Осыдан 22 жыл бұрын, яғни, 1990 жылы желтоқсан айының он төртінші жұлдызында Бас Ассамблея 1 қазанды «Халықаралық қарттар күні» деп жариялаған болатын. Асылында, бұл мереке ХХ ғасырда пайда болды. Басында Қарттар күні Еуропада, кейін Америкада тойланған, ал 80 жылдардың аяғынан бері бүкіл әлемде атап өтіліп келеді.
Қарттар күнін атап өтудегі басты мақсат — аз қамтамасыз етілген қарт адамдарға, жалғызбасты қарт зейнеткерлер мен қарт мүгедектерге көңіл бөлу, оларға материалдық, әлеуметтік-тұрмыстық және басқа да көмек түрлерін көрсету болып табылады. Бұл күні біздің елімізде ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінде қарттарға арналған мерекелік іс-шаралар өткізіліп, оқушылар мен студенттердің тарапынан қарияларға көмек көрсетілетін алуан түрлі жобалар ұйымдастырылып, мемлекет тарапынан арнайы жәрдемақылар тағайындалады. Алайда, қарттар үйіндегі жанары жәутеңдеп, есік пен терезеге телміріп отырған апаларымыз бен аталарымызды бұл жұбата алады ма? Замандастарымыздың тоғыз ай құрсағында көтеріп, дүниеге әкеліп, түн ұйқысын төрт бөліп асыраған анасы мен қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай ер жеткізген әкесін қарттар үйіне әкеліп қамауларына не себеп болғандығын кім білсін?

 «Атаңа не қылсаң,  алдыңа сол келеді» деген сөз бар. Жастарымыз ата-анасының қадірін кеш болмай түсінсе екен. Қарттары бар ел-бақытты ел. Сондықтан ел басына күн туған, қиын-қыстау күндерде халқына сүйеу, жұртына қамқор болатын қарттарымыз қашан да аман болсын!

Exit mobile version