Алланы бір, Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарды хақ деп білетін мұсылман баласы үшін Жаратушымыз белгілеп берген екі мейрамның ұлығы — Құрбан айт күндеріне де жеттік. Алла тағаланың разылығы үшін мал шалынып, кең дастарқан жайылып, еңбектеген сәбиден еңкейген кәріге дейін шат-шадыман қуанышқа бөленетін бұл ұлық мейрам Қазақстан жұртшылығына да ырыс пен береке әкелсін.
Асылы, «құрбан» сөзі де араб тілінен аударғанда, «жақын болу», «жақындау» мағынасын білдіреді. Олай болса, құрбандық шалу ғана емес, Алланың рақым-мейіріміне қол жеткізудің бір жолы деп түсінген абзал.
Құрбан айт мейрамының жамағат арасындағы бірлікті күшейтіп, бауырластықты арттырудағы рөлі аса зор. Айт намазын оқуға мешітке келген мұсылмандар бір-бірімен көрісіп, қабыл болсын деу арқылы достық пен ағайындықты нығайта түседі. Мерекенің алғашқы күні ертерек тұрып, ғұсыл алып, таза киім кіип, қош иісті әтір сеуіп, көшеде жолыққан адамға ашық жүзбен сәлемдесу, құрбандық етімен ауыз ашу үшін айт намазының алдында ештеңе жемей, оған бара жатқанда тәбір айту — хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың сүннеті.