Бірден жүз жасқа дейін

Бірден жүз жасқа дейін
Бір жас бар – 10  жас деген ойнақтаған,
Тай мініп,жабағыны ойнақтатқан.
Келген соң одан әрі  – 15 жас бар,
Жастық шақ еш нәрсені ойлатпаған.
20-да өз жүзіңді түзейсің ғой,
Шашыңды кейін қарай күзейсің ғой,
Үлгісін ағалардың көргеннен соң,
Ой-ойлап әр нәрсені жүдейсің-ғой.
30-да,   30-да үй иесі боласың-ғой,
Балаңды әлди қағып аласың-ғой,
Келген соң одан әрі  – 35 жас,
Жігіттік қыдырыстан қаласың-ғой.
Бір жас бар  – 40 деген – қылыш екен,
Мойныңды бір жұмысқа бұрыс екен,
Келген соң одан әрі  – 45 жас,
Борышты болмағаның дұрыс екен.
Елуде ебің келмес еңкейгенмен,
Қыздарға қолың жетпес көркейгенмен.
Келген соң  – 55  жас, 60 жасқа,
Шал болып ойнайсың ғой кемпірлермен.
70-те жер таянбай тұра алмайсың,
Қолыңа таяқ алмай жүре алмайсың.
Балаң мен кемпіріңе тілің өтпей,
Әңгіме көп ішінде құра алмайсың.
80-де шал боларсың селкілдеген,
Жел соқса желмен бірге үлпілдеген,
Балаң мен келініңе тілің өтпей,
Ренжісіп отырғаның кемпірменен.
90-да шал боларсың томыртқадай,
Тастаған шала мұжып омыртқадай,
Өмірден өтеріңе сенгің келмес,
Дұшпанға жазатайым бергің келмес.
Жеткенде жасың 100-ге, жаның тәтті,
Қойнына қара жердің кіргің келмес.